Ерлер күні – екеу
Менің білгім келетіні, Халықаралық ерлер күні мен Дүниежүзілік ерлер күнінің қандай айырмашылығы бар? Бұл екеуінің қайсысы БҰҰ-дан қолдау тапқан?
Нәзира, Алматы
Әлемде ерлерге арналған екі бірдей мереке бар екен. Оның бірі Дүниежүзілік ерлер күні деген атпен белгілі болса, екіншісі Халықаралық ерлер күні деп аталып жүр. Бір қызығы, бұл мерекелердің екеуі де қараша айында атап өтіледі, екеуі де БҰҰ-мен тіркелген, екеуі де соңғы онжылдықта пайда болған. Оның бірі, яғни Халықаралық ерлер күні 19 қарашада атап өтіледі. Алғаш рет бұл мереке Тринидад пен Тобагода тойланды. Артынша оны Австралия, Кариб бассейні елдері, Солтүстік Америка және бірқатар Еуропа елдерінде атап өте бастады.
Ал Дүниежүзілік ерлер мерекесі жыл сайын қараша айының алғашқы сенбісінде аталып өтеді. Оның авторы – КСРО-ның соңғы президенті Михаил Горбачёв болатын. Алғаш рет Аустрияда 2000 жылы атап өтілді. Осылайша, «ер адамдардың төл мерекесі жоқ» деп наразы болып жүрген еркектер енді екі бірдей мерекеге қарық болды.