Бала күтіміне байланысты демалыста отырған құрбым жұмысына шығыпты. «Баланы кім қарайтын болды?» деп сұрап едім, «Әкесі декретке шықты», - деп жауап берді ол. Жалпы, ер адамдардың қайсысы декретдік демалыс рәсімдей алады? Сол туралы жазсаңыздар екен». Майгүл, Кереку.
Баланың әкесінің декреттік демалысқа шығуы – сирек кездесетін жайт.
ҚР Еңбек кодексінің 195-бабына (Еңбекақының сақталуынсыз бала күтіміне байланысты демалыс) сәйкес, жұмыс беруші бала үш жасқа толғанша жұмыскерге еңбекақысының сақталуынсыз бала күтіміне байланысты демалысты мынадай жағдайларда береді:
1) ата-ананың таңдауымен – анасына немесе әкесіне;
2) баланы жалғыз тәрбиелеуші ата-анаға;
3) ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланы тәрбиелеуші әжесіне, атасына, басқа туысына немесе қамқоршысына;
4) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерге.
Сонымен қатар, аталмыш демалысты бала үшке толғанша толық немесе ішінара, жазбаша өтініш білдіру арқылы, пайдалануға болады. Бала күтімі демалысы кезінде жұмыскердің жұмыс орны мен лауазымы сақталады.
Қарапайым мысал келтіріп көрелік.
- Мәселен, анасы баласы екі жасқа толғанша бала күтімі демалысында отырды делік. Оның жалақысы күйеуінікінен 2-3 есе жоғары, яғни, анасының декретте отыра беруі отбасына тиімсіз болуы мүмкін. Онда анасы жұмысына шығып, демалысты әкесінің атына рәсімдеуге болады, - деп нақтылайды заңгер Жанна Қалымжанова.
Анасы мүгедек болып яки денсаулығы бала қарауға жарамай жатса да салмақ әкеге түспек. Ондай жағдайда әкесі баланың туу туралы куәлік,неке куәлігі, әйелінің жұмыс орнынан анықтама, басқа да қажетті құжаттарды тапсырып, өзіне декреттік демалыс ала алады.
Ерлер де декретке шыға ма?
Последние статьи автора