Еркін ақын туралы не білеміз?
Мұқағали туралы айтылғанда Еркін Ібітановтың есімі қатар айтылады. Е.Ібітанов та Қарасазда туған ба?
Нұрзия Қалиева, Ақтөбе қаласы
Мұқағалидың жерлес, қаламдас ақын бауыры Еркін Ібітанов 1935 жылы 6 маусымда Алматы облысы, Райымбек ауданы (бұрынғы Нарынқол), Қаратоған ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын бастауыш мектепте ұстаздық қызметтен бастаған. Кейін аудандық «Хан-Тәңірі» (бұрынғы «Советтік шекара») газетінде редакцияның бөлім бастығы, редактордың орынбасары болды. Осы редакция жанынан құрылған М.Мақатаев атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі бола жүріп, бүгінгі таңдағы әдебиетіміздегі орны бар ондаған қалам иелерінің қалыптасуына ықпал етті. Ол әдебиетімізге 1959 жылы жарық көрген «Көктем тынысы» атты жас ақындардың топтамасында жарық көрген шуақты да отты өлеңдерімен батыл қадам жасады. Содан соң сол кездегі әдеби ортаны талассыз мойындатқан, тың тақырыптағы «Қойшылар» атты поэмасымен жарқырай көрінді. Ақынның «Арман әлемі», «Хан-Тәңірі, қайдасың?», «Қасіретті де қасиетті ғасырым», «Елшенбүйрек» атты жыр жинақтары өлеңсүйер қауымның іздеп жүріп оқитын туындыларына айналды. Мұқағали Мақатаев екеуінің арасындағы ағалы-інілік сыйластық, шығармашылық достық байланысы айрықша еді. Е. Ібітановтың «Мен білетін Мұқағали» атты деректі эссесі – ұрпаққа үлгі боларлық тағылымы биік өнеге көрінісі. Ақын Еркін Ібітанов осыдан екі жыл бұрын 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды.