Жақында теледидардан Алматыда өткен ережесіз жекпе-жек кешін тамашаладым. Бейбіт Назаровтың тамаша жеңісіне шын жүректен қуандым. Бірақ түсінбегенім, әр жекпе-жектің алдында төреші спортшыларға «тіземен, шынтақпен және баспен ұруға болмайды» деп ескертіп тұрды ғой. Бейбіттің кәріс жігітін тіземен тепкені несі? Әлде бұл айқаста ондай ережелер болған жоқ па?
Салауат Темірқожа, Алматы қаласы
Сіздің сұрағыңызға жауап беру үшін Бейбіттің туған ағасы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаровқа хабарласқан едік.
– Бұл айқастың арты біраз дауға ұласқаны рас. Кәрістер «шағымданамыз» деп сес көрсетті. Бірақ артынан өздерінікі дұрыс емес екенін түсінді. Өйткені Бейбіт пен оңтүстіккореялық Сео Сюнг Кионг ережесіз жекпе-жектің WAFC тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа таласты. Ал бұл тұжырым осы федерацияның президенті Георгий Кобилянскийдің ережесімен өтуі тиіс болатын. Онда тіземен тебу былай тұрсын, тіпті құлап жатқанды да аямай тебуге болады. Алайда Оңтүстік Кореядағы төбелестердің ережесі аздап басқаша болғандықтан, өз тарапымыздан жеңілдік жасап, «сұлап жатқанды тебуге болады» дегенді алып тастағанбыз. Байқаған шығарсыздар, кәріс жігіті жерге жатып қалғанда Бейбіт оған ешқандай амал қолданған жоқ. Дегенмен мұнда төрешіден де аздап қателік кетті. Бейбіт қарсыласын бір рет тепкеннен кейін-ақ Кионг есін жоғалтып алды. Екінші мәрте тепкізбеу керек еді. Жалпы ережесіз жекпе-жекті қанша жерден «ережесіз» дегенімізбен оның да өз қағидалары бар. Оның бастылары: көзден шұқуға, қарақұстан ұруға және шаштан ұстауға мүлдем болмайды, – деп түсіндіріп берді Ардақ Назаров.