Еңбек кітапшасындағы аты-жөнді қалай түзетуге болады?
Менің анам биыл сегіз баламен 53 жасында зейнеткерлікке шыққалы отыр. 1976 жылдан совхозда жұмыс істеген. Бірақ сол кезде еңбек кітапшасына тегі Сейсенбаева болып арғы атасының атына жазылып кеткен. Туу туралы куәлігінде, жеке куәлігінде тегі – Бейсенбаева. Енді осы сәйкессіздікті қалай ретке келтіруге болады?
Замира ТҰРҒАРАЕВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Сарапшы маманның мәліметінше, Қазақстан Республикасының «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес (бұдан әрі – заң), зейнетақы төлемінің мөлшеріне әсер ететін негізгі өлшемдері болып 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы есептелетін 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап кез келген үш жылдың орташа айлық табысы болып табылады. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін толық көлемінде тағайындау 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі толық еңбек өтілі әйелдерге 20 жыл болған жағдайда (жасы 58-ге толғанда) көзделген. Заңның 9-бабының 3-тармағына сәйкес, бес және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген аналар 53 жасқа толғанда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі 20 жыл еңбек өтілімен жасына байланысты толық көлемде зейнетақы алуға құқылы. Аталған заңның 12-бабына сәйкес, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге дейінгі зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек өтілі еңбек кiтапшасымен расталады.
Сонымен қатар егер анаңыз қазіргі уақытта қызмет істесе, онда соңғы жұмыс істеген орындағы жұмыс беруші жеке куәлігі мен неке куәлігінің негізінде түзете алады. Алайда анаңыз жұмыс жасамаған жағдайда, еңбек өтілін қажетті құжаттармен сот шешімімен дәлелдеуге болады.