Еңбек кітапшасын қалпына келтіруге болады
Қол астымда жұмыс істейтін бір-екі қызметкердің еңбек кітапшасын абайсызда суға түсіріп алдым. Содан бұрынғы жұмыс істеген мекемелердің мөрі өшіп қалды, жазуының сиясы жайылып кетті. Енді оны қалай қалпына келтіруге болады?
Аманат Жылқышиев, Қарағанды
ҚР Еңбек кодексінің 34-бабына сәйкес, қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттарға еңбек кітапшасынан өзге мынадай құжаттар жатқызылады: қызметін тоқтату мен оның негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты; еңбек шартының жасалуы мен тоқтатылуы негізінде еңбек қатынастарының туындауын және тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер; жұмыс берушінің қолы қойылған, ұйымның мөрімен расталған, не нотариат растаған қызмет ету тізімі (қызметкердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі); қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтер жазылған мұрағат анықтамасы. Осы құжаттар арқылы еңбек кітапшасында жойылған мәліметтерді қалпына келтіруге болады. Егер еңбек кітапшасының зақымдануына жұмыс беруші кінәлі болса, онда мәліметтерді мұрағаттан өзі сұратуы тиіс.