Мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік мекемесінде маман болып жұмыс атқарамын. Мен еңбек демалысында жүргенімде мекеме басшылығы жұмысқа шақырды. Мен басқа қалада жүргенімді айтып, жұмысқа шыға алмаймын десем, «онда қызметтен босатыласың» дейді. Мекеме басшылығының іс-әрекеті заңды ма?
Ерғали ЕСЕНҒАЛИЕВ, Атырау облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы мамандарының айтуынша, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, жұмыс берушi жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын тек қызметкердiң жазбаша келiсiмiмен ғана үзуi мүмкiн. Қызметкердiң жұмыс берушiнiң ұсынысынан бас тартуы еңбек тәртiбiн бұзу болып табылмайды.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан шақыртып алуға байланысты пайдаланылмаған бөлiгi еңбек шарты тараптарының келiсiмi бойынша ағымдағы жыл iшiнде немесе келесi жұмыс жылында кез келген уақытта берiледi не келесi жұмыс жылындағы жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосылады.
Қызметкердi жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан шақыртып алған кезде демалыстың пайдаланылмаған бөлiгiн басқа уақытта берудiң орнына қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасындағы келiсiм бойынша қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлiгiнiң күндерi үшiн өтемақы төлемi жүргiзiлуi мүмкiн.
Сонымен бірге қызметкерді еңбек демалысынан қанша уақыттан кейін шақыртылуы тараптардың келісімі бойынша реттеледі.
Еңбек демалысында жүргенде жұмысқа шақыру заңды ма?
Последние статьи автора