Мектепте оператор болып жұмыс істеймін. Оған қоса тоғыз сағат жүктемем бар. Білгім келгені, маған еңбек демалысы мен сауықтыру ақысы қалай төленуі тиіс?
Асылхан ЕСЕНБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, ҚР Еңбек кодексінің 196-бабына сәйкес қызметкер өзi еңбек қатынастарында тұрған бiр жұмыс берушiмен, сондай-ақ бiрнеше жұмыс берушiмен де қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасуға құқылы.
Негiзгi жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделiктi жұмыстың жиынтық ұзақтығы Кодекстiң 82-бабында белгiленген күнделiктi жұмыс уақытының нормасынан төрт сағаттан артық аспауға тиiс.
Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартында жұмысты қоса атқару жөнiнде сiлтеме болуы мiндеттi.
Кодекстің 199-бабына сәйкес қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы негiзгi жұмысы бойынша демалыспен қатар берiледi.
Егер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы басқа жұмыс бойынша демалыстың ұзақтығынан аз болса, жұмыс берушi қоса атқарушы-қызметкердiң өтiнiшi бойынша демалыс ұзақтығының айырмасын құрайтын күндерге жалақысы сақталмайтын демалыс бередi.
Бұл ретте Кодекстің 239-бабына сәйкес мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын азаматтық қызметшiлерге лауазымдық жалақысы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.
Осыған орай, аталған жәрдемақы негізгі жұмыс орны бойынша, сонымен бірге қоса атқаратын жұмыс орны бойынша төленуі тиіс.
Егер лауазымдарды қоса атқарған жағдайда, қоса атқаратын жұмыс бойынша сауықтыруға арналған жәрдемақы төленбейді.
Еңбек демалысы мен сауықтыру ақысы қалай төленуі тиіс?
Последние статьи автора