Әлемде ең көптілді мемлекет қайсы? Папуа-Жаңа Гвинея ең көптілді ел дейді. Сол қаншалықты қисынды?
Мәди ЖАҚАНҰЛЫ, Талдықорған
Негізінде, әлемдегі ең көптілді ел болып Үндістан есептеледі. Үндістан территориясында ресми түрде 1652 тіл тіркелген. 15 тіл ел конституциясы бойынша арнайы тіл ретінде қарастырылған. Соның 13-і Үндістандағы штаттардың ресми тілі болып жарияланған. Үнді елінде ең кең таралған – хинди тілі. Бұдан басқа классикалық тіл болып 75 миллион адам сөйлейтін тамиль тілі танылып отыр.
Жер шарындағы табиғи түрде көптілді ел болып қалыптасқан Папуа-Жаңа Гвинея елін атауға болады. Бұл елде 820 жергілікті тіл мен диалектілер тіркелген. Демек, дүниедегі тілдердің 20 пайыздайы Швецияның аумағындай ғана Папуа-Жаңа Гвинея елінде таралған екен. Ондағы тілдердің жартысы өзара туыс тілдер болып келеді. Дегенмен ондаған, жүздеген адам сөйлейтін жергілікті тілдер өте оқшауланған. Өйткені әр тіл әр тайпаның тілі болып келеді.