Экологиялық дағдарыс аймағынан көшсе, көмек берілмей ме?
1975 жылға дейін Арал өңірінде 20 жыл тұрғандарға экологиялық қасірет салдары үшін әлеуметтік көмек көрсетілетін еді. Қазір басқа өңірге көшіп келген соң, ол көмекті бермей қойды. Осы заңды ма?
Махамбет БЕКТҰРҒАНОВ, Алматы облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, ҚР Еңбек кодексінің 154-бабына сәйкес экологиялық зiлзала және радиациялық қатер аймақтарында еңбек қызметiн жүзеге асыратын қызметкерлерге берiлетiн кепiлдiктер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы Заңының 13-бабына сәйкес аумақтар бойынша қосымша еңбекақы, қосымша еңбек демалысы және материалдық көмек аталған аумақта тұратын және еңбек қызметін жүзеге асыратын азаматтарға көрсетіледі. Заңның 17-бабына сәйкес экологиялық апат аймағынан кетіп қалған адамдардың жаңадан қоныстанған жерде өздерінің кәсібі мен біліктілігіне сәйкес бірінші кезекте жұмысқа орналасуға немесе ондай жұмыс жоқ болған жағдайда өз тілектері ескеріле отырып басқа жұмыс немесе жаңа кәсіптерді (мамандықтарды) оқып-үйрену мүмкіндіктеріне, оқыту кезеңінде белгіленген тәртіппен жалақысы сақталуға құқық бар.
Экологиялық қасірет салдарынан І және ІІ топтағы мүгедектердің Қазақстан Республикасының облыс орталықтарын, республикалық маңызы бар қалаларын және астанасын қоспағанда, жаңа тұратын жері бойынша бірінші кезекте тұрғын үй алуға құқығы бар.