Экологиялық аймақ тұрғындары қандай жеңілдіктерге ие?
Жиырма жыл бойы экологиялық аймақта тұрған еліміздің азаматтарына «жұмыс орнында жеңілдіктер көрсетіледі» деп жатады, яғни демалыс күндеріне қосымша күндер қосылып, жәрдемақы төленеді-міс. Осы рас па? Жалпы, басқа қандай жеңілдіктер көрсетіледі?
Кенжехан АЛДАБЕРГЕНОВ, Қызылорда облысы
Сіздің сауалыңызға қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары былай деп жауап берді:
«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 1992 жылғы 30 маусымдағы Заңын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 17 желтоқсандағы №1057 қаулысына сәйкес, жыл сайын ақы төленетін қосымша демалыс:
– Экологиялық апат аймағы бойынша – 12 күнтізбелік күн;
– Экологиялық дағдарыс аймағы бойынша – 9 күнтізбелік күн;
– Экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ бойынша 7 күнтізбелік күн беріледі.
Еңбек демалысын берумен бірге жыл сайын сауықтыруға арнап қолданылып жүрген төлемдердің үстіне бір айлық тариф нарқы немесе қызметтік айлықақы көлемінде материалдық көмек көрсетіледі.
Бұл мәселеге байланысты толық мәліметті тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына хабарласуыңызға болады.