Екі ай жұмыс істеп, еңбек демалысына шығуға бола ма?
Мен өткен жылы қыркүйек айында мектепке жұмысқа қабылданып, қараша айында декреттік демалысқа шықтым. Осы орайда менің білгім келгені, декреттік демалыс аяқталған соң кезекті еңбек демалысы мен бір реттік сауықтыру үшін берілетін төлемақыны алуға құқығым бар ма? Есепші төленбейді дейді.
Зағипа БОРАНБАЕВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – кодекс) 192-бабына сәйкес, әйелге қалауы бойынша жүктiлiкке және босануға байланысты демалыстың алдында немесе тiкелей одан кейiн, не балаға күтiм жасауға арналған демалыс бiткен соң жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.
Кодекстің 104-бабына сәйкес жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс өтіліне:
1) нақты жұмыс iстеген уақыт;
2) қызметкер нақты жұмыс iстемеген, бiрақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе iшiнара сақталған уақыт;
3) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығына, оның iшiнде жүктiлiгiне және босануына орай демалыста болған уақытына байланысты нақты жұмыс iстемеген уақыт;
4) қызметкер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс iстемеген уақыт қосылады.
Сонымен бірге кодекстің 239-бабына сәйкес, мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын азаматтық қызметшiлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы лауазымдық жалақысы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып берiледi. Азаматтық қызметшiлерге сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтiзбелiк жылда бiр рет төленедi.