Егеуқұйрыққа қарсы күрес жүргізу қай кезде тиімді?
Мен жеке секторда тұрамын. Соңғы кезде егеуқұйрық көбейіп кетті. Одан қалай құтылуға болады?
Мария ИСАҒҰЛОВА, Алматы қаласы
Курбанов Ә.М, Кардасинов К.К ҚРДСМ МСЭҚК «Алматы қаласының дезинфекция станциясы»:
– Соңғы жылдары алдын ала залалсыздандыру іс-шараларының сапасы төмендеп кету салдарынан қалада егеуқұйрықтар көбейді. Қазіргі кезде қаладағы көпқабатты үйлердің 20 пайызының жертөлелерін кеміргіштер мекен етіп алған. Кеміргіштермен күресудің негізгі әдісі – химиялық тәсіл. Дератизациялау үшін Алматы қаласында рұқсат етілген роденцинттер пайдаланылады. Егеуқұйрықтар ылғалды көп қажет етеді. Тамаққа қарағанда, судың жетіспеуінен тез өлетін ескерген жөн. Сондықтан олармен күресте жемтік ретінде тамақ өнімдерімен қатар, суды және сұйық тамақ өнімдерін улап беру керек. Кеміргіштерді қыру үшін ең қолайлы уақыт – қыс мезгілі. Өйткені бұл кезде егеуқұйрықтар үй-жайларға жиналады және қоныс аударып кете алмайды. Ал көктемде деритизацияны жүргізу төмен сатыда болады, себебі тышқандар көктемде тамақ іздеп тарап кетеді.
Кеміргіштер тарататын көптеген зоонозды жұқпалар, оның ішінде бүйрек синдромды қанды қызба, лентоспироз, иерсиниоз, жалған туберкулез, егеуқұйрық тарататын бөртпе сүзегі, оба, туляремия және басқа да аурулар мәселені өзекті етіп отыр. Кеміргіштердің синантропты түрлерінің ең көп таралған түрі – сұр егеуқұйрық. Сұр егеуқұйрық эпидимиологияның және экологиялық зиян келтіру жағынан жетекші орын алады.
Профлактиялық өңдеуді жүзеге асыра отырып, базарларға және көкөніс қоймаларына өнімді түсіруге дейін өңдеу жұмыстарын жүргізу керек. Кеміргіштермен күресуде улы жемдерді пайдалану керек. Сондай-ақ уланған жемдерді жиі ауыстырып отыру қажет. Өйткені егеуқұйрық кез келген уға тез бейімделгіш келеді.