Менің бір танысым университетте эдвайзер болып жұмыс істейді екен. Бұл қандай мамандық және оның міндеті не?
Эдвайзер – бұл білім алу кезеңінде білім беру бағдарламасын меңгеруге көмек беретін оқытушы. Олардың саны факультеттегі студенттер санына қарай белгіленеді. Әрбір эдвайзерге белгілі бір студенттер саны (15 студенттен кем емес) бекітіледі. Оқу жылы барысында эдвайзер өзінің кеңес беру кестесіне сәйкес жұмыс істейді. Шұғыл академиялық мәселелерді шешу қажет болған жағдайда эдвайзер өзінің кестесінен тыс жекеше кеңес те бере алады. Эдвайзердің кеңес беру кестесін қызмет етуші кафедра өзінің оқу жылына құрылған жұмыс жоспарына сәйкес жасайды және оны оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректор бекітеді.
Эдвайзердің міндеттері:
– студенттің жеке біліктілігі деңгейін анықтау мен білім бағдарламасын игеруге көмектесу;
– мамандыққа сәйкес бағыт таңдау кезінде білім алушының қажеттілігін, мүддесі мен қабілетін анықтау;
– студенттің үлгерімі мен академиялық деңгейіне қатысты сұрақтарды қарастырумен айналысатын сараптамалық комиссия жұмысына қатынасу.
Эдвайзер кафедра меңгерушісінің келісімімен ректордың бұйрығы бойынша тағайындалады.