Еден жуушыларға жалақы қандай санат бойынша төленуі керек?
Қызметтік және кәсіптік ғимараттағы еден жуушыларға бірінші санатпен ақы төленеді екен. Білім саласындағы еден жуушыларға да жалақы санат бойынша төленуі керек пе?
Есенгүл СӘРСЕНБАЕВА, Алматы облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысымен реттеледі. Қаулының 3-тармағына сәйкес, ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары (ставкалары) (ЛЖ) атқаратын лауазымдарының лауазымдар санаттарына жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай лауазымдық жалақыларын (ставкаларын) есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген базалық лауазымдық жалақының (БЛЖ) мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 125-бабына сәйкес, орындалатын жұмыстарды белгiлi бiр күрделiлiкке жатқызу және қызметкерлерге бiлiктiлiк разрядтары мен санаттарын беру Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсiптерiнiң бiрыңғай тарифтiк-бiлiктiлiк анықтамалығына және басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшiлер лауазымдарының бiлiктiлiк анықтамалығына, жұмысшы кәсiптерiнiң тарифтiк-бiлiктiлiк сипаттамаларына және ұйымдар басшыларының, мамандардың және басқа да қызметшiлер лауазымдарының үлгiлiк бiлiктiлiк сипаттамаларына сәйкес жүргiзiледi.
«Еден жуушы» кәсібі бойынша біліктілік сипаттамасы орындалатын жұмыстың күрделілігіне қарай тарифтік разрядты (1-2 разряд диапазоны) иеленеді. Жұмысшылардың лауазымдық жалақыларын (ставкаларын) есептеуге арналған коэффициенттер қаулыға 3-қосымшада берілген.БЛЖ бүгінгі күні 17 697 теңгені құрайды.