Аяғым ауыр. Бір топ жүкті келіншек болып дәрігерге көрініп жүрміз. Таныс әйелдердің біріне гестоз деген диагноз қойылған. Бұл – қандай ауру?
Балбибі ЖҰМАШЕВА, Алматы қаласы
Дәрігерлердің мәліметінше, гестоз – ана ағзасында ылғал мен ақуыздың азайып, қан қысымының артуынан болатын ауру. Емделмеген жағдайда мұның арты миға қан құйылуына және созылмалы бас ауруы мен талмаға шалдықтыруы мүмкін. Бұл көбіне екіқабат әйелдердің дұрыс тамақтанбауының салдарынан болады. Гестоздың әсерінен құрсақтағы шарананың дамуына айтарлықтай зиян келеді. Жалпы, екіқабат әйелдердің дұрыс қоректенгені абзал. Ағзаға қажетті өнімдер құрамының мөлшерін ескеріп, тағамды сапасына қарап қолдана білуге, сондай-ақ шамадан тыс қоректенуден аулақ болуға тырысқаны жөн.