Досханның ата-анасы кім болған?
Белгілі актер, режиссер, ҚР Халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың ата-анасы да өнерге жақын адамдар болған деседі. Осының анық-қанығын біліп бере аласыздар ма?
Лимара Үмбетбаева, ШҚО
Рас, Досхан Жолжақсыновтың ата-анасы да өнерден кенде адамдар емес екен. Бұл туралы актер: «Әкем мен анам екеуі де өнерге жақын жандар еді. Әкемнің қолынан домбыра түспейтін. Керемет күйшілігі, суырып салма ақындығы бар болатын. Үйге келетін қонақтардың да көкіректеріне құйғаны мол, қадамы құтты жандар еді. Мен ең алғаш Біржан сал, Ақан сері, Махамбет, Сегіз сері, Жаяу Мұса, Мәди, Абай есімдері мен шығармаларын солардың аузынан естідім. Қазақ өнерінің жампозы Жүсіпбек Елебеков, Камал Қармысов сынды тұлғалар шаңырағымыздан дәм татқан азаматтар еді. Әкемнің дауысына қызыққан Жүсекең тіпті оны алып та кетпек болыпты. Кейін де әкемнің көзін көрген жандардың «әкеңнің дауысы ғажап еді» деп айтып отыратынын жиі естідім. Ал анамның «көрші-көлем, ауыл-аймақтан киім-кешек, түрлі жиһаз-жабдықтарды жиып алып, Бейімбет Майлиннің «Шұғасын» ойнаушы едік» деп айтатыны есімде. Бұл да болса қазақ даласындағы бекзат өнердің биігі – театр өнерінің алғашқы баспалдақтары болса керек. Осындай ортадан шыққан менің өнерге өлердей ғашық болмауым мүмкін емес еді», – дейді өзінің бір сұхбатында. Қазақтың «асылдан асыл туар жарқылдаған» дейтіні осы болса керек.