Доллар арзандаса не болады?
«Келесі жылы доллар арзандайды» дейді. Шикізат ресурсын саудалаушы мемлекет ретінде мұндай жағдай бізге тиімсіз болады. Жалпы, ұлттық валютаның нығаю процесі немен байланысты болуы мүмкін?
Арман ЕСКЕНДІР, студент
Иә, BCC Invest сарапшылары, 2013-2014 жылдары бір доллардың құны 130 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін екенін болжайды. Олардың пайымдауынша, алдағы жылдары ұлттық валютаның нығаю процесі жылдамдай түседі, ал 2013-2014 жылдары бір доллардың валюталық курсы 130-135 теңге деңгейіне келіп тұрақтайды. Биыл, яғни 2011 жыл бойына, BCC Invest сарапшыларының пікірінше, доллар 140-150 теңге арасында тербеліп жүреді, көбіне ол 144-145 аралығын қамтуы керек. Сарапшылардың айтуынша, 2011 жылғы айырбас курсына ықпал етуші факторлар сommonites-тің халықаралық құнының динамикасы мен сырттан шетел инвестициясының көптеп келуі болып табылады.
Сommonites дегеніміз – тауарлар нарығы, онда да артында өндіріс пен тауар секілді нақты активі бар құнды қағаздар. Олар 2011 жылы өтімді болады деп болжанып отыр. Міне, соның нәтижесінде еліміздегі өндіруші саланың ауқымы кеңейіп, табысы да артады. Осы жағынан алғанда, commonites биыл қор биржасының дамытушы локомотив рөлін атқаруы керек. Соған қарағанда, бұл еліміздің өндіруші саланы қолдауға бет бұра бастағанын байқататын фактор болуы тиіс.