Дисплазияны қалай емдеуге болады?
Қазір шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилерге ортан жіліктің ұршық басы дисплазиясы деген диагноз көп қойылатын болды. Жалпы, дисплазия деген қандай ауру, ол неден пайда болады, оның алдын алу үшін не істеу керек?
Маржан, Ақтау қаласы
Бұл сұраққа ортопед маман Жұмахан МОЛДАҚҰЛОВ жауап береді:
– Негізі, дисплазияның түрлері өте көп. Соның ішінде ұршық басы дисплазиясы туралы айтатын болсақ, бұл нәресте ананың жатырында жатқан кезінде сүйектері мен жіліктерінің дұрыс дамымауынан пайда болады. Бұған тұқымқуалаушылық, анасының жүкті кезінде түрлі сырқаттармен ауыруы, сәбидің ірі болуы, экологиялық жағдай, дұрыс тамақтанбау – осының бәрі әсер етеді. Мұны дер кезінде емдемесе, бала аяғының кемістігіне, бір аяғының екіншісінен қысқа болуына әкеліп соғады. Мұны емдеу үшін ортопед дәрігерлер нәрестенің буындарын сылап-сипап, физиотерапия жасап, емдік үзеңгі кигізеді. Бұл жерде ата-аналар да нәресте дүниеге келген соң оның буындарына массаж жасап, қимылдатып отыруы керек. Бұрын әжелеріміз нәресте дүниеге келгеннен бастап, бесікте ұйықтап тұрған сайын сәбидің жауырыны жабысып қалмасын, қозғалыста болсын деп үнемі аяқ-қолдарын тартып, сылап-сипап отыратын. Қазіргі ата-аналар осыны аз жасайды. Сондықтан мен бұған аса мән беру керектігін айтар едім.