Өткенде теледидардан елімізге әлемдік киножұлдыз Жерар Депардье келгенін көрсетіп жатыр еді. Қасында кинорежиссер Сергей Әзімов жүрді. Мен жаңалықты жөнді ести алмай қалып едім, Депардье біздің елге киноға түсуге келді дей ме? Осы қаншалықты рас?
Ернұр Әшірбеков, Алматы қаласы
Жерар Депардьенің еліміздің оңтүстік өңіріне табан тіреуінің басты себебі – киноға түсу. Екі аптадан бері Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы жерінде жаңа фильмге түсіп жатыр. Қазақ-француз картинасы Шымкенттің маңындағы Келте Машат ауылының тау шатқалында түсіріліп жатыр. Халықаралық жобада танымал актер басты кейіпкерлердің бірін сомдауда. Бірге туып-өскен үш ауылдастың өмірі жайлы жаңа картинада алпысты алқымдаған ақсақалдардың бірінің рөлінде – Жерар Депардье ойнайды. Сценарий бойынша, ол таулы Түлкібас ауданында туып-өскен Георгий, Гера аға есімді неміс жігіті. Есейген соң ата-баба топырағы тартып, Германияға қоныс аударады. Алайда араға біраз жылдар салып, кіндік қаны тамған жерді аңсаған Гера аға қазақ еліне қайта оралады. Бірге доп қуып өскен достарымен қуанып қауышады. Туған ауылында оны ізгілікті іс күтеді. Жерар Депардьенің кейіпкері әйелінен айырылған бір досын үйлендірмек болып, оған қыз айттыруға кіріседі. Фильмде Депардьені кей тұстарда альпинист Владимир Тугалев ауыстыратын болады.