Денсаулықты дәрісіз емдеу
Жақында аштықпен емдеудің пайдасы дәрімен емделуден әлдеқайда пайдалы екендігі жайлы естідім. Ашығу емі жайлы кеңірек кеңес берсеңіздер екен.
Айдана НИЯЗОВА, Талдықорған қаласы
Ашығу емі – белгілі бір мерзім аралығында ішіп-жеуден бас тарту арқылы емделу тәсілі. Аштықпен емдеу арылту-диеталық терапиясы ретінде медицина ғылымының емдеу-сауықтыру орталықтарында қолданысқа да енген. Ғылыми негізі де әлдеқашан дәлелденген. Сырттан тамақ қабылдау дереу тоқтаған жағдайда дене сол уақытқа дейін жинап келген ішкі қосымша қорегін іске қосады. Бұл кезде дененің барлық бөлу жүйесі мен ішкі секреция бездері өте қарқынды жұмыс істейді. Бір ғана өкпенің өзінен газ тәрізді әр түрлі 150-дей уыт бөлінуі – соның айғағы. Вегетативті жүйке жүйесі жанданады, адамның белсенділігі артады. Биохимиялық тұрғыда май мен бауырдың гликоген қосымшаларының ыдырауы реттеледі, қан құрамы өзгереді. Қан айналымы мен ас қорыту жүйелері жақсарады. Ашығу емін қабылдау ережесінің айтарлықтай қиындығы жоқ. Бар болғаны, сабыр сақтап, ауызды астан тыя білсеңіз, жеткілікті. Ашығу кезінде қанша ішемін десе де, су мөлшері – науқастың өз еркінде. Алайда ағзаға басқа ешқандай тағам қабылданбауы тиіс. Мамандар ұзақ мерзімді ашығуға тәуекел етердің алдында әуелі қысқа мерзімді ашығуларды бастан өткерудің пайдалы екендігін айтуда. Ашығу міндетті түрде маманның бақылауымен жүзеге асуы тиіс. Неге десеңіз, кейде алғашқы күндерде-ақ денеден улы заттар өте көп шыққан жағдайда ашығуды үзуге тура келеді. Сондай-ақ ашығу кезінде дәрі қабылдауға, темекі тартып, спиртті ішімдік ішуге қатаң тыйым салынады. Ашығуды дұрыс іске асырған жағдайда ол сіздің ағзаңызды барлық керексіз улы заттан тазартып, денсаулығыңызды шыңдайды, жасушаларды жаңартып, күш-қуатыңызды арттырады.