Декреттік демалыстағы қызметкерге еңбек демалысы қалай беріледі?
Балам жасына толған соң, қызметке қайта шығып, төрт ай жұмыс істедім. Енді тағы декреттік демалысқа кеткелі отырмын. Осы орайда менің білгім келгені, 2012 жылдың еңбек демалысын қай уақытта ала аламын? Және еңбек демалысы толық беріле ме, әлде тек жұмыс істеген уақытыма ғана ма? 2011 жылдың еңбек демалысын алғанмын.
Зубайра РАЙЫМҚҰЛОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – кодекс) 192-бабына сәйкес, әйелге, қалауы бойынша, жүктiлiкке және босануға байланысты демалыстың алдында немесе тiкелей одан кейiн не балаға күтiм жасауға арналған демалыс бiткен соң жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.
Жұмыс берушімен келісім бойынша еңбек демалысы толық немесе нақты жұмыс атқарған уақыт үшін беріледі.
Кодекстің 104-бабына сәйкес, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс өтіліне:
1) нақты жұмыс iстелген уақыт;
2) қызметкер нақты жұмыс iстемеген, бiрақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе iшiнара сақталған уақыт;
3) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты нақты жұмыс iстемеген уақыт;
4) қызметкер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс iстемеген уақыт қосылады.