Дәріні сауатты пайдалану керек
Қазіргі күнде дәрі-дәрмектің түрі көбейіп кетті. Тұмауратсақ, дәрігерлердің өзі әр жолы әртүрлі дәрі береді. Дәрінің түрі жиі өзгеріп отырады. Оның үстіне кейбір дәрілерден аллергия деген де шығып жатады. Осындай кері әсері болмас үшін қандай дәріні қалай ішу керек екендігі туралы мәлімет берсеңіздер екен.
Күнжәмила ЖАҒЫПАРОВА, Астана
Дұрыс айтасыз, бүгінде дәрінің түрі көбейді. Теледидар мен газет-журналдардағы жарнамаларды көріп алып, кейбіреулер дәрігерге бармай-ақ, өздері кез келген дәріні алып, іше беретін болды. Бұл дұрыс емес. Қалайда дәрігерге көріну қажет. Дегенмен мына кеңесті біле жүрген дұрыс. Мысалы, аспирин, фурагин, 5-нокты, құрамында ацетилсалицилл қышқылы бар дәрілерді қаймақ, майлы тағамдармен араластыруға болмайды. Кальцийдің бойға сіңуі үшін оны балық майымен бірге қолдану керек, бірақ газды сумен және лимон қышқылды сусындармен ішуге болмайды. Бисептол, парацетамол, фуросимедті қызылша, қара өрік, нан тағамдарымен және іш жүргізетін дәрілермен араластыруға болмайды. Ампициллин, эритромицинді – жеміс шырынымен, линкомицин, тетрациклинді сүт тағамдарымен, темір препараттарын кофе, шай, сүт, жаңғақ дәндерімен араластырмаған дұрыс. Аналгин, баралгин, парацетамол, панадол, спазмалгон сияқты дәрілерді ішетін кезіңізде қақталған ет, шұжық тағамдарынан бірер сағат тартына тұрған дұрыс. Ең дұрысы, осы аталған препараттардың бәрін де сумен ішу керек.