Әлемдегі ең танымал, ең озық цирктер туралы білгім келеді. Біздің елімізде цирктің қай жанры жақсы дамыған?
Цирк саласын жетік білетін мамандар төмендегі цирктердің ең үздік деген атаққа ие болатындай жетістіктері бар екенін айтады. Ең алдымен, Қытай циркін айтар болсақ, ондағы «Аспан асты елінің ғажап шоулары» атты цирктің акробаттары өнер көрсеткенде көрермендер демін іштеріне тартып, тапжылмай, шыбынның ызыңы ғана естілетіндей тыныштықта тамашалайды екен. Олардың сахнадағы шоуларының философиялық мәні өте зор. Келесі керемет цирктердің бірі – Канададағы «Күн циркі». Бұл цирктің басқалардан ерекшелігі, онда бір де бір хайуанат болмайды. Тағы бір ерекше цирктердің бірі – АҚШ-тағы «Ағайынды Ринглинг, Барнум және Бейли циркі». Аталмыш цирктің өнерпаздары басқа цирктегі секілді бір манежде ғана емес, бір мезетте үш манежде өнер көрсетеді. Ал Францияның «Фрателлини циркіндегі» клоундар қандай салмақты деген көрерменнің өзін күлдіреді. Ресейді де цирк өнерімен әлем таныған. «Мәскеу циркі» хайуанаттарды үйрету жағынан да, жалпы цирктің кез келген жанры бойынша озық болып келеді. Бұған дәлел, әлемдегі ең танымал цирктерде 70 пайыз ресейлік цирк өнерінің өкілдері өнер көрсетеді екен. «Қазақ циркі» ат құлағында ойнайтын шабандоздарымызбен әлем назарына ілінген.