Енді бірер күннен соң үзіліс алған Чемпиондар лигасы да қайта жалғасын табады. Еуропаның азуларын айға білеген ең үздік клубтары додаға түсер кезде орындалатын Чемпиондар лигасы әнұраны барша жанкүйердің жүрегін орнынан бір қозғайды емес пе?! Жер жүзіндегі әрбір футболшы аталған әуенді жасыл алаңда тұрып тыңдауды армандайды. Чемпиондар лигасының әнұраны қашан пайда болды? Оны жазып шыққан кім және орындайтын кімдер? Сол туралы кеңірек білгім келеді.
Жандос Сағындықов, Атырау облысы
Чемпиондар лигасының әнұраны алғаш рет 1992 жылы жасыл алаңда шырқала бастады. Себебі дәл осы жылы Еуропа чемпиондарының кубогы Чемпиондар Лигасы болып өзгеріске ұшыраған. Композицияның авторы – Тони Бреттон. Ол Гендел есімді композитордың осыған ұқсас бір туындысын әрлеп шыққан. Батыс футболының хит шеруін бастап тұрған бұл әуенді лондондық шіркеудің хоры орындайды. Ал әйгілі корольдық филармонияның оркестрі спорт жанкүйерлерінің құлақ құрышын қандыратан әнді сүйемелдейді екен. Чемпиондар лигасының әнұраны ағылшын, француз және неміс тілдерінде шырқалады. Әннің негізгі ұзақтығы – 3 минут. Коммерциялық өнім ретінде ешқашан сатылымға шықпайды. Ал әнұранды қазақшалағанда мағынасы мынаған саяды: «Олар – ең үздік командалар» (үш рет), Чемпиондар! Күштілер! Ұлы командалар! Мықтылар! Үлкен кездесу! Үлкен спорттық оқиға! Басты оқиға!» Осылай екі рет қайталанады.
Чемпиондар лигасының әнұраны
Последние статьи автора