«Бұрын тұрмыс құрмаған» деген анықтаманы қайдан аламын?
Менің сіңлім Қытай азаматына тұрмысқа шыққан. Қазіргі уақытта сол елде тұрады. Некесін заңдастыру үшін ол жақта «бұрын тұрмыс құрмаған» деген анықтама керек екен. Ол жүктілігіне байланысты келе алмайды. Сондықтан анықтаманы мен алып, Қытайға жөнелтуім керек. Ондай анықтаманы қай жерден, қалай алуыма болады?
Майгүл ТӨЛЕШЕВА, Атырау облысы
Әділет басқармасы мамандарының мәліметіне сүйенер болсақ, бұрын тұрмыс құрмағаны жөніндегі анықтаманы сіңліңіздің Қазақстанда соңғы тұрақты тіркеуде тұрған мекенжайы бойынша облыстық Әділет департаментінің АХАЖ бөлімінен сіңліңіздің сізге берген нотариалды куәландырылған сенімхаты негізінде алуыңызға болады. Сенімхатты Қытай еліндегі компетентті органда апостол жасату немесе ресмилендіру (аймаққа байланысты) керек.
Ал бұрын үйленбегендігі туралы анықтаманы Әділет департаментінен апостол жасату керек. Анықтама алты ай мерзімге жарамды болып табылады. Анықтама Гонконг, Макао аймағында тұратындарға берілсе, баж салығы – 706,5 теңге. Егер анықтама басқа аймақтарға берілетін болса, анықтаманы ресмилендіру ҚР Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінде жүргізіледі. Тел.: (87172) 72-04-84, 72-04-83.