Бұқаралық мәдениет дегеніміз не?
Бұқаралық мәдениет дегеніміз не? Оған нені жатқызуға болады? Біреулер компьютерлік техникадан бастап, музыкаға дейін бұқаралық мәдениетке жатады дейді. Осы рас па?
Алма Асанова, Алматы қаласы
Бұқаралық мәдениет – ең алдымен, коммуникацияның бел баласы, Бұқаралық ақпарат құралдары: газет-журнал, радио-телевидение, компьютерлік жабдықтар, спутниктік байланыс – барлығы да ғаламдық ақпараттық байланысты құрап, сол арқылы бұқаралық мәдениеттің қалыптасуына жақсы жағдай туғызып отыр. Бұқаралық мәдениет барлық салада көрініс береді. Мәселен, архитектурада ол жаппай типтік құрылыс арқылы көрініс береді. Дегенмен өнерге келгенде бұқараға ең кең тараған түрі – әдебиет, яғни көркем сөз. Мәселен, ХХ ғасырдың бұқаралық мәдениетін құрайтын құралдар санатына фотоөнерден бастап, кино, телевизияны жатқызуға болады. Және бір қызығы, ғылым мен техника өз жетістіктерін осы бұқаралық мәдениет арқылы ендіреді. Мәселен, атап айтқанда, электронды музыка, компьютерлік графика, лазерлі шоу, т.б – барлығы да бұқаралық мәдениеттің құралдарына жатады.
Бұқаралық мәдениеттің ең маңызды бөліктерінің бірі де бірегейі – музыка. ХХ ғасырдың жаппай бұқаралық сипат алған музыкасына эстраданы, рок-музыка, эстрада, джазды жатқызуға болса, бүгінде ол тіптен бөлек түрге еніп, R&B, поп-музыка секілді жаңаша бағытты бетке алды.