Брокер мен дилер қызметіндегі өзгеріс
Брокерлік және дилерлік қызметке байланысты ережелер өзгерген екен. Ол өзгеріс нені қамтиды?
Сұлтан ЗЕЙІНОВ
Ұлттық банк басқармасының биылғы жылғы 12 ақпандағы қаулысына сәйкес, еліміздегі құнды қағаздар нарығындағы брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыру ережелері өзгертілді.
Бұдан былай брокер құнды қағаздар келісімін банк немесе сақтандыру мекемесі болып табылатын клиенттің активтері есебінен ашық сауда тәсілімен қор биржасында немесе шет мемлекет аймағында қызметін жүргізетін қор биржасында жүзеге асыра алады. Алайда осы қызметке төмендегілер енбейді:
1) артықшылық сауда құқығын орындау;
2) қор биржасы делистинг жасаған құнды қағаздарды сату;
3) ұйымдаспаған алғашқы нарықта мемлекеттік емес құнды қағаздармен келісім жасау;
4) эмитенттің құнды қағаздарын не өзге де міндеттемелерін осы эмитенттің міндеттемелерін қайта құрылымдау мақсатында шығарылған өзге де құнды қағаздарына айырбастау (конвертация);
5) мемлекеттік құнды қағаздар келісімін жасау.
Егер дилер банк болса, құнды қағаздар келісімін қор биржасында ашық сауда тәсілімен не шет мемлекет аумағында қызметін жүргізетін қор биржасында келісім жасай алады. Осы қызметке жоғарыда айтылған бес қызмет кірмейді, оған қоса, Қазақстан Республикасы аумағында не шет мемлекет аумағында қызметін жүргізетін, бірақ қор биржасы айналымында жоқ шетелдік эмитенттердің мемлекеттік емес эмиссиялық құнды қағаздарымен келісім жасай алмайды.
Қаулы ресми баспасөзде жарияланғаннан кейін күшіне енеді.