Қазақстанда болашақ стюардессаларды даярлайтын арнайы оқу орны бар ма? Стюард немесе стюардессалар қандай талаптарға сәйкес жұмысқа қабылданады?
Әсем САҒЫМБАЕВА, Батыс Қазақстан облысы
Сіздің «стюард» немесе «стюардесса» деп отырған маман иелеріңіз қазіргі кезде «бортсеріктер» деп аталып жүр. Бортсерік мамандығы – әлемдегі ең мәртебелі кәсіптердің бірі. Бортсерік әуе кемесінде жолаушыларға қауіпсіздікті және де әлемдік стандарттарға сәйкес, жоғары дәрежелі қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Себебі олар – әуе компаниясының ғана емес, сондай-ақ елдің де өкілі. Оның қызметі — өте жауапты, қиын, сондай-ақ қызық жұмыс. Еліміздегі Азаматтық авиация академиясында арнайы бортсеріктерді даярлайтын бөлім бар. Сондай-ақ қазіргі кезде жекелеген әуе компаниялар өздері бортсеріктерді оқытып, оларды шетелдерден тәжірибе алмасуға жіберіп, алдын ала мамандандырады. Бортсерікке қойылатын негізгі талаптар: ағылшын және қазақ тілдерінде еркін сөйлеу (бірнеше тіл білу); көрікті келбетке ие болуы; ер адамдардың бойы 165 см-ден, әйел адамдар 160 см-ден кем болмауы тиіс, бірақ бойлары 185 см-ден артық болмауы керек; жас шамасы — 20-35; Әскери тіркеуінің болуы (ерлер үшін); Қазақстан Республикасының азаматтығы.