Боксшы қолғабы қандай болуы қажет?
Соңғы кездері әуесқой бокста былғары қолғапқа байланысты біраз дау болып жатқанынан хабардармын. Менің білгім келетіні, АІВА талабына сәйкес, әуесқой бокстың былғары қолғабы қандай болуы қажет?
Жанбота ОРАЛБЕК, Алматы қаласы
Жалпы, бокста былғары қолғап ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап пайда болған. Бүгінде олардың үш түрі бар: әуесқой боксқа арналған, кәсіпқой боксқа арналған және жаттығуға арналған қолғаптар.
Әуесқой бокста былғары қолғаптың басы, яғни жұдырық жағы жұмыр, жұмсақ болуы тиіс. Сондай-ақ саусақтарды бүккенде жұдырық қалыпқа түспейтіндей болуы тиіс. Бұл боксшының соққысының қуатын азайтады. Сондай-ақ әуесқой бокста қолғап қара, қызыл, көк болып бөліне береді. Тек әлгі жұдырық жағы ақпен боялған болуы керек. Бұл төрешілердің ұпай санауы үшін қолайсыздық туғызбауы үшін жасалған.
Жалпы, бокста қолғаптың салмағы унциямен өлшенеді. Ағылшындық өлшемнің бір түрі ғой. 1 унция – 28,3495231 грамға тең. АІВА талабына сәйкес, әуесқой бокста қолғаптардың салмағы 10-12 унция болуы тиіс. Сонымен қатар АІВА ережесіне сәйкес боксшылар қолғабы тек былғарыдан тігіледі.
Кәсіпқой бокстың қолғабы өзгешелеу, бауымен болады. Салмағы да әркелкі. Боксшының салмақ дәрежесіне қарай 6-20 унция болып өлшенеді. Ал жаттығуға арналған қолғаптарға тиісті ешқандай белгіленген ереже жоқ. Қолыңызға ыңғайлысын таңдасаңыз жеткілікті.