Биосаясаттың мәні не?
Ғылыми әдебиеттерден биосаясат деген терминді кездестіріп қалдым. Бұл терминнің мәні қандай?
Рима, Ақсай қаласы
Биосаясат – саясаттану ғылымының бір саласы. Ол адамның саяси іс-әрекеттеріне баға беру үшін биология ғылымының мәліметтерін, ұғымдары мен әдістерін пайдаланады. Биосаяси факторларға ежелгі грек ойшылдары Платон, Аристотель ерекше мән беріп, саяси өмірге биологиялық жайттар тікелей әсер етеді, яки “кейбір адамдар – жаратылысынан құлдар” деп пайымдаған. Кейін осы идеяны Н.Макиавелли, Т. Гоббс, Дж. Локк дамытқан. П.Корнин, Р.Мастерс, П.Майер, З.Фрейд т.б. ғалымдар да ұстанды. Биосаясат әлеуметтік және саяси белсенділіктің барлық түрі жеке адамның генетикалық ерекшеліктеріне байланысты айқындалады деп санайды. Яғни саяси өмірдегі басқыншылық, зорлық-зомбылық жасау, мінез-құлықты үйлестіру т.с.с. құбылыстардың себебін осы тұрғыдан түсіндіреді. Осы көзқарасты жақтаушылардың айтуынша, топ бастап, ел басқаратын адамның денсаулығы жақсы, күш-қайраты кемел, жігері мол, өң-келбеті келісті т.с.с. болуға тиіс. Биосаясат терминін 1920 жылдары Рудольф Кджеллен енгізген. Оның пайымдауынша, мемлекет квазибиологиялық организм немесе супербөліктерден тұратын зат.Р. Кджеллен әлеуметтік топтар арасындағы азаматтық соғысты биологиялық тұрғыдан зерттей келе, өзінің зерттеу пәнін биосаясат деп атады. Морли Робертс деген зерттеуші өзінің биосаясатқа қатысты еңбегінде әлемдік саясатты «клетканың және протоза колониялар қауымдастығы» деп сипаттады. Француз ғалымы Мишель Фуко биосаясат ғылымын одан әрі дамытты.