Бидің қандай пайдасы бар?
Би спорттың орнын алмастыра ала ма? Онымен тұрақты түрде айналысудың денсаулыққа қаншалықты пайдасы бар?
Жаннұр СӘРСЕНҒАЛИ, Талдықорған
Дәрігер мамандардың пікіріне жүгінсек, бимен айналысу организмдегі зат алмасу процесіне, жүрек-қан тамырлары және тыныс жолдары жұмысына оң ықпал етеді, иммунитетті көтеріп, көңіл күйді жақсартуға, шаршағанды басуға көп көмектеседі. Сондай-ақ зерттеушілер жүректің ишемиялық ауруының азаюы мен қан қысымының төмендеуіне және дене салмағын қалыпты деңгейде ұстап тұруға да бидің пайдасы тиетіндігін анықтаған.
Мұның сыртында би сүйекті нығайтатындықтан, онымен айналысқан адам қартайғанда остеопароз, сүйек жарақатын алу сияқты ауруларға көп бой алдыра қоймайды. Сонымен қатар бишілер суық тию, демікпе, тіпті астма тәрізді сырқаттармен де жиі ауыра бермейді. Би адамды тоқырау жағдайынан сақтайды және қимыл-қозғалысының үйлесімділігін қалыптастырып, жалпы көңіл күйін көтереді. Қысқасы, бимен айналысудың денсаулыққа тигізер пайдасы зор.