Бидің пайдасы қаншалық?
«Би қимылдары арқылы көңіл күйді де, денсаулықты да жақсартуға болады» дегенді естідім. Бидің адам ағзасына, шынымен де, пайдасы бар ма?
Нұрбүбі МЫРЗАҒАРА, Тараз
Мамандардың бұл орайдағы пікіріне жүгінсек, бимен айналысу арқа, іш және аяқ бұлшық еттерін нығайтады әрі бүкіл ағзадағы және буындар мен омыртқадағы қан айналымын, сондай-ақ зат алмасу процесін жақсартады. Сонымен қатар қимыл-қозғалыстың үйлесімділігін арттырып, дене бітімін жетілдіруге, тыныс алу жүйесін жаттықтыруға көмектеседі. Сондықтан да бимен шұғылдануды арықтаудың жолы ғана емес, түрлі жарақаттар (алты айдан соң) мен сынықтардан (10-12 айдан соң) кейін ағзаны қалпына келтіру мақсатындағы емдік шара ретінде қарастыруға болады. Бұл орайда, би қимылдары жүгіру, жаяу жүру сияқты басқа да жаттығу түрлері тәрізді, жүрек-қан тамырлары жүйесіне артық салмақ салмай-ақ, буындардағы қозғалыс көлемінің артуына ықпал етеді.
Сондай-ақ бимен шұғылдану адамның бойын жеңілдетіп, жүйкесін тыныштандырады. Сол себепті де ол гипертониялық аурулардың бастапқы сатысында жақсы көмектеседі. Өйткені мамандардың болжамынша, гипертонияның пайда болуына күйзелісті жағдайлар себепкер болады.