Жақында сіздердің газеттеріңізден «Білгім келген бір сұрақ» айдарымен берілген жағажай футболы жайлы түсініктемелеріңізді оқыдым. Ал менің жағажай волейболы мен кәдімгі волейболдың арасында қандай айырмашылықтар бар екенін білгім келеді.
Дәурен ЕРМЕКБАЙҰЛЫ, Алматы қаласы
Жағажай волейболы халықаралық аренада «бич-волей» деп аталса, екіншісін біздің мамандар «классикалық волейбол» деп жүр. Сіздің сұрағыңызға жауап беру үшін ҚР волейбол федерациясымен хабарласқан едік, ондағы білікті мамандар «екеуінің арасында айырмашылық өте көп, бәрін тізіп шықсақ, газеттеріңіздің бетіне сыймай кетеді ғой» деп күлді. Әйтсе де басты айырмашылықтарын атап өтті, біз солардың негізгі бес-алтауына ғана тоқталмақпыз:
• бич-волейде бір команданың сапында екі адам ойнайды, ал классикалық волейболда – 6 адам;
• бич-волейдің алаңының ауданы – 16х8 (яғни екі 8х8), классикалық волейболдікі – 18х9 (екі 9х9);
• доптарының тығыздығында да айырмашылық бар;
• бич-волейде әрбір кездесу екі жеңіске дейін созылады, классикалық волейболда үш жеңіске дейін;
• бич-волейде әр партия 21 ұпайға созылады классикалық волейболда 25-ке дейін, бірақ екеуінде де тай-брейк 15-ке дейін ғана ойналады;
• бич-волейде екі команданың бірі 7 ұпай еншілеген сайын қарсыластар тордың екі жағындағы орындарын ауыстырып тұрады, яғни бір партияда үш рет алмасады, ал классикалық волейболда орындарын тек партия біткенде ғана ауыстырады, бірақ екеуінде де тай-брейкте орындарын 8 ұпайдан соң алмастырады;
• өзіңіз білесіз, волейболда доп үш мәрте қақпақылданады, егер бич-волейде доп тосқауылға тисе, тосқауыл қойған команда бұдан соң допқа екі-ақ рет жанаса алады (яғни бір-біріне енді бір-ақ рет пас бере алады), ал классикалық волейболда доптың тосқауылға тигені есепке алынбайды, яғни бұдан соң олар әдеттегідей, допқа үш рет жанаса алады.