Безгек ауруының белгілері қандай?
Безгек деген қандай ауру? Оның белгілері қандай? Алматы қаласы маңында безгек ауруын тасымалдаушы жәндіктер бар ма?
Жомарт Қабылханов, Алматы облысы
Нарын ТҰРСЫНОВА, Жетісу ауданы бойынша МСЭҚБ эпидемиологиялық бөлімнің бастығы:
– Безгек – бұл өте қауіпті паразитарлық ауру, ол ауру адамдардан сау адамдарға безгек масаларының шағуы арқылы жұғады.
Ауру белгісі науқастың бауырының, көк бауырының ісінуімен, қанның қызыл түйіршіктерінің азаюымен, дене қызуының көтерілуімен сипатталады. Аурудың инкубациялық кезеңі – бір-алты апта (кейде – бір жыл). Безгек күнде, күнара, кейде үш-төрт күнде денені құрыстырып, тоңдырып, дірілдетіп басталады да, дене қызуы 40˚С-қа дейін көтеріледі. Науқас сандырақтап, денесі сарғаяды. Аурудан сақтану үшін мынаны есте сақтау керек: Бөлмеде ұйықтағанда есік-терезені торлау, инсектицидтер себу, кешке қол мен аяқ жабылатын киім кию керек, ашық денеге репеленттер, масаны үркітетін крем қолдану керек, масаны құртатын аэрозольдар, болондар, инсектицидтер қолдану керек.
Диагноз зертханалық жолмен қанды микроскопиялық зерттеу (қанның толық тамшысы) арқылы безгек паразиттерін тапқаннан кейін қойылады.
Безгек диагнозы анықталған науқастар немесе паразит тасымалдаушы дереу медициналық ұйымның ауруханасына жатқызылып, әрі қарай дәрігерлер ем қолданады.
Алматы қаласы безгек ауруына қолайлы аймақта орналасқан. Қала маңында безгек масаларын тарататын 16 анофелогенді суат бар. Сондықтан бұл аймақта безгек ауруын жұқтыру қаупі өте жоғары.