Бес балалы аналарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Бес балаға төленетін жәрдемақы мөлшері қанша? Қалада тұрып, бес бала туып, өсірген аналарға алқа тиесілі ме?
Әсел ҚАҢТАРОВА, Алматы қаласы
ҚР Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті мамандарының мәліметінше, жәрдемақының мөлшері отбасындағы бала санына және әр жылға бюджет туралы Заңмен белгіленген айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты болады. Екі және одан да көп бала туған жағдайда жәрдемақылар әр балаға төленеді.
Бала тууына байланысты біржолғы берілетін жәрдемақы 2012 жылдың 1 қаңтардан бастап бірінші, екінші, үшінші бала туылғанда – 48 540 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балалар туылғанда 80 900 теңге төленетін болды. Отбасында екі немесе одан да көп бала туған болса, онда әрбір туылған балаға жәрдемақы жеке-жеке тағайындалып төленеді.
Туылған бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі үшін белгіленген мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері.
– бірінші балаға – 8899 теңге;
– екінші балаға – 10 517 теңге;
– үшінші балаға – 12 135 теңге;
– төртінші және одан кейінгі туылған балаларға – 13 753 теңге.
Жәрдемақылар ананың жұмыс істеуіне, істемеуіне қарамастан төленеді.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» ҚР Заңына сәйкес «Алтын алқа» белгісімен – жеті бала, «Күмiс алқа» белгісімен алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар, тиісінше жетінші, алтыншы баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте марапатталады. Бес және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда, кемінде 20 жыл жалпы еңбек өтілі болған жағдайда, жеңілдік шартпен зейнетақы алу құқына ие болады. Еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін есептеледі.