Белбеулі күрес татар күресі емес
Астана қаласында «белбеулі күрестен жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті» деп естіп едім. Алайда татар күресінен өткен осы біріншіліктің қорытындысын еш жерден көре аламадым. Мүмкіндік болса, сіздердің газеттеріңіз арқылы толық ақпарат алуға бола ма?
Ринат Гарифуллин
Жалпы, бұл белбеулі күресті татар күресімен шатастыруға болмайды. Екеуі екі бөлек күрес. Белбеулі күрес Халықаралық күрес қауымдастығының құрамына енген. Әрі әлемнің 56 мемлекетінде өкілдіктері бар. Қарқынды түрде дамып келе жатқан Олимпиадалық емес спорт түрінің бірі. Жыл сайын әлем чемпионаты мен құрлық біріншіліктері өтіп тұрады.
Осындай халықаралық біріншіліктердің қарсаңында ұлттық құрама жасақтау үшін Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Төл біріншілігімізге еліміздің тоғыз аймағынан 109 балуан қатысты. Астана қалалық туризм және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Жанар Өтешованың берген мәліметі бойынша, командалық есепте бірінші орынды елорда балуандары жеңіп алыпты. Олардың еншісінде төрт алтын, үш күміс және екі қола медаль бар. Екінші-үшінші орындарды Павлодар және Ақмола облыстарының командалары өзара бөлісті. Өз салмақтарында Р.Демесінов (55 келі), Н.Ыстыбаев (60 келі), Б.Омаров (66 келі), Т.Сейілов (73 келі), С.Талайбек (81 келі), А.Мұстафин (90 келі), Э.Осконов (100 келі) және Н.Алтынбеков (+100 келі) сынды балуандар топ жарды.
Биыл белбеулі күрестен әлем чемпионаты қараша айының басында Испанияның Барселона қаласында өтеді.