Былтыр күзде Ақтөбе облысында балалар арасында қызамық ауруы көп тараған еді. Биыл да дәрігерлер егу жұмыстарын қолға алып жатыр. Бұған аурудың өршу қаупінің туындауы себеп болып отыр ма?
Бейбіт САБАЛАҚОВА, Ақтөбе облысы
Ақтөбе облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім бастығы Күлара Омарованың мәліметінше, өңірде қызамық ауруының бой көрсету деңгейі соңғы екі жылда төмендеді. Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуі алдағы жылдардың үлесіне келеді. Бірақ қызамықтың алдын алу шаралары белгілі бір мерзім аралығында тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Биыл облыс бойынша 8 бен 14 жас шамасындағы 72 мың баланы ауруға қарсы егу көзделген. Айта кетейік, 2006-2007 жылдар аралығында Ақтөбе облысында 800-ден астам адам қызамық пен қызылшаны жұқтырды. Былтыр 17 дерек тіркелген. Қызамық ауруы жөнінен қазір Батыс Қазақстан облысында жағдай күрделі. Өткен жылы аймақта 2000 адам қызамықтан емделген.