Атырау жақта тышқанның ініне су құйып, ауа райын болжайды дегенді естідім. Осы сөз рас па?
Ермек, Семей қаласы
Бұл салттың ерекшеліктерін Батыс Қазақстан өңірінің тумасы ақын Ақұштап Бақтыгереевадан сұрап білдік.
– Қар көбесі сөгілгенде, алдымен құмдауыт жерлер ашылады. Сол кезде балпақтың (сарышұнақ) ініне су құйылады. Бір шелек құйылар-құйылмастан балпақ інінен атып шықса, ол ін ауызына жақын жатты, яғни тез арада ауа райы жылиды деген сөз. Сарышұнақ бірнеше шелек су құйылған соң бір-ақ шықса, қыстың ызғары әлі де тұрады. Бұл – жері құмдауытты Бөкей орда өңірі халқының салты.
Осыған ұқсас дәстүр АҚШ пен Канадада да бар. Олар 2 ақпан күні суырдың інін іздеп тауып, оның қалай шығатынын бақылап тұрады. Суыр інінен асықпай шығып, жайлап жөнімен кетсе, қыс тез арада бітеді. Ал егер басын қылтитып шығарып, кері тығылып қалса, көктем алты аптадан соң ғана шығады. Бір қызығы, суырдың қылығына дәл сол күнгі ауа райы әсер етеді екен. Егер күн жарқырап тұрса, тышқан өз көлеңкесінен өзі шошып қайтып тығылады, ал бұлтты болса, інінен қорықпай шығып жүре береді.