Балдақ – бағалы жүзік
Ауылдағы әжем «алтын балдағым бар еді» деп отыратын. Алайда ол кісі таяққа сүйенбей жүреді. Кейіннен сұрастырсам «алтын балдақ» дегені таяқ емес қолға тағатын әшекей бұйымы екен. Осыны анықтап беріңіздерші.
Еркін БАЙБОЛАТҰЛЫ, Мақтаарал ауданы
Рас, балдақ деп негізінде қолға тағатын әшекей бұйым – жүзікті айтады. Мұндай балдақтар палеолит дәуірінде сүйектен, неолит кезеңінде тастан, қола дәуірінде түрлі металдардан жасала бастаған. Ежелгі Мысыр шаһарында жазулы балдақтар, яғни сақинаның көзіне жазу немесе сурет салу дәстүрі кең тараған. Бұдан кейін эгейліктерде, этрускілерде, гректерде, римдіктерде мөрлі балдақ қолданылды. Римде сенаторлар мен лауазымды тұлғалар алтын балдақ, ал бұқара халық темір балдақ тағатын болыпты. Түркі даласына да балдақтар ерте заманда келген. Ұсталардың шеберлігіне қарай балдақтар алтыннан, күмістен жасалып, оның көзіне асыл тастар орнатылады екен. Қазақ арасында алтын балдақты қыз-келіншектер, сал-серілер таққан. Қазірігі таңда кейбір мұражайларда бұрынғы би-болыстардың мөрлі, қолтаңбалы балдақтары әлі сақтаулы. Олар өздерінің қолын қойып, таңба қалдыратын жерге алтын балдақтарындағы мөрді басатын болған.