Балабақша тәрбиешісінің жалақысы қалай есептеледі?
Мен арнайы орта білім беру ордасын бастауыш оқыту әдістемесі мамандығы бойынша бітірдім. Балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа орналасқаныма екі ай болды. Маған 29 мың теңге жалақы төлейді. Осы дұрыс па?
Айшара, Жамбыл облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысымен айқындалады.
Қаулының 3-тармағы бойынша ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары (ставкалары) (ЛЖ) атқаратын лауазымдарының лауазымдар санаттарына жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай лауазымдық жалақыларын (ставкаларын) есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген базалық лауазымдық жалақының (БЛЖ) мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады;
Қаулыға 1-қосымшада бекітілген Азаматтық қызметшілердің санаттар бойынша лауазымдарының тізіліміне сәйкес, біліктілігі орташа деңгейдегі тәрбиеші G –11 санатына жатқызылған.
Осыған орай, еңбек өтілі бір жылға дейінгі біліктілігі орташа деңгейдегі тәрбиеші маманның жалақысы – 2,02*17697 = 35748 теңгені құрайды. Осы жалақыдан табыс салығы, зейнетақылық аударымдар алынады.
Егер сіздің жағдайыңызда еңбек заңнамасын бұзушылық орын алса, өтінішпен жергілікті еңбек инспекторларына немесе сотқа шағымдануыңыз қажет.