Бала бағып отырған қызметкер еңбек демалысына шыға ала ма?
Балабақша қызметкері бір жылдан астам уақыт бойы бала күту демалысында болды. Яғни жұмыс істемеуіне байланысты соңғы 12 айда еңбек табысы болған жоқ. Осы қызметкерге еңбек демалысы тиесілі ме? Соңғы 12 айда еңбек табысы жоқ болса, орташа айлық жалақыны есептегенде қай айларды аламыз?
Ақмарал, Алматы облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 192-бабына сәйкес, (бұдан әрі – Кодекс) әйелге, қалауы бойынша, жүктiлiкке және босануға байланысты демалыстың алдында немесе тiкелей одан кейiн не балаға күтiм жасауға арналған демалыс бiткен соң жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.
Кодекстің 104-бабына сәйкес, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс өтіліне:
1) нақты жұмыс iстелген уақыт;
2) қызметкер нақты жұмыс iстемеген, бiрақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе iшiнара сақталған уақыт;
3) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығына, оның iшiнде жүктiлiгiне және босануына орай демалыста болған уақытына байланысты нақты жұмыс iстемеген уақыт;
4) қызметкер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс iстемеген уақыт қосылады.
Еңбек демалысының ұзақтығын жұмыс беруші толық немесе жоғарыда аталған еңбек өтіліне үйлесімді белгілеуге құқылы.
Сонымен бірге Кодекстің 239-бабына сәйкес, мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын азаматтық қызметшiлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы лауазымдық жалақысы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып берiледi. Азаматтық қызметшiлерге сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтiзбелiк жылда бiр рет төленедi. Яғни қызметкерге сауықтыруға арналған жәрдемақы еңбек демалысының ұзақтығына қарамастан, толық мөлшерде төленуі тиіс.