Байғыз жайлы не білесіз?
Мен Алматы қаласының іргесінде орналасқан саяжайда тұрамын. Таяудан бері үй маңында бір құс пайда болды. Шамалауымша, байғыз құс сияқты. Осы құс жайлы толығырақ мағлұмат берсеңіздер екен.
Дәурен Ермекбайұлы, Алматы қаласы
Байғыз – жапалақ тәрізділер отрядына жататын құс. Қазақстанның солтүстігі мен солтүстік – шығысынан басқа жерлердің бәрінде мекендейді. Әсіресе Үстіртте, Маңғыстауда, Арал, Балқаш жағалауында, Қаратауда, Алтайда жиі кездеседі. Республикамызда кәдуілгі байғыздан басқа, орман байғызы, торғай тәрізді байғыз деген түрлері бар. Байғыз қоразының қанаты – 153-172 мм, салмағы – 154-157 г, ал мекиенінің денесі ірілеу, қанаты – 157 – 175 мм, салмағы 195-260 грамдай болады. Арқасы қоңыр теңбілді, бауыры ақшыл тарғыл, тұмсығы сүйір, имекті келеді. Жарқабақтардағы індер мен жартастағы үңгірлерге ұя жасап, оған төрт-алты ғана жұмыртқа салады. Оны мекиені бір айға жуық басады, балапандарын 35-40 күнде ұядан ұшырады. Байғыз – отырықшы құс. Олар майда кеміргіштермен, торғай тәрізді құстармен, ұсақ жәндіктермен қоректенетіндіктен, ауыл шаруашылығына пайда келтіреді.
Қазақта байғыз жайлы әртүрлі аңыз бар. Жалпы, байғыздың үнін «сұңқылдады» деп жаратпайды. Сондықтан байғыз шақырғанда, атын атамай «нұраталы» деп, ұн шашу арқылы жаманшылықтың бетін қайырады деседі.