Семей полигоны туралы жиі еститінмін. Ал жақында Азғыр полигоны жайлы естіп қалдым. Ол полигон қай аймақта орналасқан?
Асхат ДЕМЕСІНОВ, Қарағанды
Азғыр полигоны Батыс Қазақстан мен Атырау облысының шектесетін жерінде, Нарын аумағында орналасқан. 1966-1979 жылдары мұнда 17 жерасты ядролық жарылыс жасалған. Ал ашық ауада 12 жарылыс орын алған. Жалпы, 1952-1991 жылдар аралығында Нарында барлығы 29 ядролық жарылыс жүргізілген. Одан өзге 24 мыңға жуық түрліше басқарылатын зымырандар мен қарудың 177 жаңа түрі сыналған көрінеді. Әлемге әйгілі аса қуатты РСД-10, СС-20 ракеталары да осында жойылса, барлық жарылыстар жел Еділден соққанда жасалып отырған екен. Сонда бір ғана Азғырдың маңында он шақты сынақ алаңы болғаны бертінде мәлім болып отыр. Жерасты сынақтары шамамен 165 метр тереңдікте жасалып отырған, ғалымдар дәлелдеуінде Азғырдан ауаға 10 млн Кюри радиоактивті газ лақтырылған көрінеді. Мұның өзін ғалымдар Чернобыль апатына теңестіруде. Сол жылдарда аталмыш аймақтағы туберкулез 6,8 есеге, без аурулары 19 есе, буын аурулары 16 есе, асқазан-ішек аурулары 6 есе, одан басқа жүрек-қан тамырлары сырқаттарының түрлері күрт көбейген. Сол уақыттарда далалықтағы киіктердің, шаруашылық жылқыларының мұрнынан қан кетіп қырылғанының куәсі болғандар да жеткілікті. Асан-Азғыр аралығындағы полигон салдарынан бүлінген күре жолдың 300 метрдей жерін ауыл адамдары «қырық шұңқыр» атап кеткен.
Азғыр полигоны туралы не білеміз?
Последние статьи автора