Мен соңғы кездері авангардшылдық деген терминді көп естимін. Бірақ мәніне аса түсіне алмай жүрмін. Бұл сурет өнеріне қатысты айтылатын термин бе? Аражігін ажыратып, мағынасын түсіндіріп беріңіздерші.
Шынар, Алматы қаласы
Авангардшылдық, авангардизм (франц. Avant және garde – алғы шептегілер) – қалыптасқан қағидалар мен дәстүрден, тіпті шынайы өмір шындығынан да алшақтай отырып, көркемөнер мен әдебиетті жаңғыртпақ болған өнер адамдарын топтастырған ағым. Авангардизм негізінен Батыс Еуропада пайда болып, ХХ ғасырдың 10-20 жылдары өнер мен әдебиетте толық қалыптасты. Ол терминді өнертануда алғаш рет ғылыми айналымға енгізген француз көркемөнер сыншысы Т.Дюр болды. Бұл ағымның қалыптасқан мектеп пен бағыттардан басты өзгешелігі – өнерді өмірден айырып қарап, оның әлеуметтік маңызын жоққа шығару, өнердің ерекше эстетикалық табиғатын бөлектеп қарау. Реализмді теріске шығарушылардың бәрі өздерін «авангардшылар» қатарындамыз деп есептейді. Бұл термин өнердің барлық түрінде кездеседі. Сәулет өнері мен бейнелеу өнерінде бұл авангард стилі ерекше дамығаны рас. 60-70 жылдары бұл бағыт өнер сыншылары тарапынан қатты сынға ұшырады. Бірақ өнердің барлық түрінде көрініс тапқан көркемдік бағыт ретінде өркениет тарихында өз орнын алған көрініс болып қалды.
Авангардшылдық қандай ағым?
Последние статьи автора