Ауылдық жерден қосылатын 25 пайыз төлемақы кімдерге тиісті?
Мен мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорында инспектор болып жұмыс істеймін. Шілде айында ауылдық жерден қосылатын 25 пайыз төлемақы «мамандар бақылаушысына негізсіз қосылған» деген бұйрық шығарылды. Сонымен қатар «осы уақытқа дейін төленіп келген 25 пайыз бюджетке қайтарылсын» деген бұйрық шықты. Осы бұйрық қаншалықты заңға сәйкес келеді?
Қанат Әбілмәжитов, Оңтүстік Қазақстан облысы
ҚР Еңбек кодексінің 238-бабы 2-тармағына сәйкес, ауылдық (селолық) жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет және спорт саласының азаматтық қызметшiлерiне, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң жалақыларымен және ставкалармен салыстырғанда кемiнде 25 пайызға жоғары лауазымдық жалақылар мен тарифтiк ставкалар белгiленедi.
Ауылдық (селолық) жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет және спорт мамандары лауазымдарының тiзбесiн жергiлiктi өкiлдi органмен келiсiм бойынша жергiлiктi атқарушы орган айқындайды.
Сондай-ақ бұл норма «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңында көзделген.
Осыған орай, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын және ауылдық елді мекендерде орналасқан мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына қызметтің осы түрлерімен қалалық жағдайда айналысатын мамандардың айлық- ақыларымен және тарифтік ставкаларымен салыстырғанда кемінде 25 пайыз жоғары айлықақылар мен тарифтік ставкалар белгіленеді.
Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде орналасқан мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін өзге сала қызметкерлерінің мамандары лауазымдарына қатысты жоғарыда аталған жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтік ставкалар белгіленбейді.