Ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу үшін не істеу керек?
Көршіміздің баласының ақыл-есі кем. Кейде үйдегі кішкентай балаларды ұрып-соғады екен, көршіміз баласын ауруханаға мәжбүрлеп жатқызғысы келеді. Ол үшін алдымен сотқа арыздануым керек пе деп сұрайды.
Талғат ТІЛЕГЕНОВ, Алматы қаласы
Сізге ең алдымен тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша прокуратура органына хабарласқан жөн. Өйткені ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 309, 310 және 311-баптарына сәйкес, азаматты ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу үшін психиатриялық мекеме орналасқан жердегі сотқа прокурор арыз беруі керек. Психиатриялық стационарға мәжбүрлеу тәртібімен жатқызу үшін арызға психиатр дәрігерлер комиссиясының дәлелді қорытындысы қоса тіркеледі. Бұл қорытынды шығарылған кезден 72 сағаттан артық уақыт өтіп кеткен болса, арыз қанағаттандырылмайды. Арыз сотта іс қозғалған кезден бастап бес күн ішінде қаралады. Егер психиатриялық мекеме өкілінен алынған мәліметтер бойынша ол адамның психикалық хал-жайы сот отырысына жеке қатысуға мүмкіндік беретін болса (тиісті мекемемен расталған анықтама негізінде), науқас азаматтың өзін ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу туралы іс бойынша сот отырысына қатысуға құқығы бар.