Аты-жөніңді өзгерту үшін себеп керек пе?
Төлқұжаттағы аты-жөнімді өзгерту үшін дәлелді себептер керек екен. Менің азан шақырып қойған есімім өзіме ұнамайды. Бұл жайтты дәлелді себеп ретінде қарастыруға бола ма?
Қалақбай Зікірия
ҚР азаматтық хал актiлерi жазбаларын өзгерту, қалпына келтiру және жою туралы Ережесіне сәйкес, азаматтың тегiн, атын, әкесiнiң атын өзгерту дәлелдi себептер болған кезде ғана жүргiзiледi. Сол ережеде аты-жөнді өзгертудің 12 себебі толық көрсетілген. Сол себептердің біріншісінде тегiнiң, атының, әкесiнiң атының қолайсыз айтылуы себебінен төлқұжаттағы текті өзгертуге болатыны жазылған. Сол ережедегі екінші себеп, азамат есімінің қиындығы. Мұндай жағдайда да сіз өз өтінішіңізді білдіріп, есіміңізді ауыстыра аласыз. Ол үшін АХАЖ органдарына өтініш білдіріңіз. Олар сіздің өтiнiшiңізде көрсетiлген мәлiметтердi құжаттармен салыстырып, Сізге атын, тегiн, әкесiнiң атын өзгертуге байланысты туындайтын салдар (паспорты және кейбiр басқа құжаттарды ауыстыру қажеттiлiгiн, мемлекеттiк баж төлеудi, сондай-ақ құжаттарда көрсетiлген мәлiметтерде үйлеспеушiлiк болса, құқық белгiлеушi құжаттардың кiмдiкi екендiгi фактiсi сот тәртiбiмен белгiленетiндiгiн) түсiндiруге мiндеттi.