Аттестация талаптары қандай?
Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысшылары аттестациядан өтеді деп естіген едім. Аудан орталықтарындағы ХКҚО қызметкерлері де өте ме? Қызметкерлерге қандай талаптар қойылады?
Гүлайым Елеусізқызы, Қарағанды облысы
ҚР Көлік және коммуникация министрлігі мамандарының мәліметінше, кең ауқымды аттестациялау аясында облыстық, аудандық, қалалық ХҚКО қызметкерлерінің кәсіби жарамдылығы міндетті түрде тексеріледі. Бұл шара екі айға созылмақ. Мақсат – қызмет көрсетудің сапасын жақсартып, мамандардың біліктілігін арттыру. Қызметкерлер компьютерлік тестілеуден өтеді. Бұл тест ҚР Конституциясы мен басқа да заңнамалары, мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттары мен тәртібі туралы сұрақтардан құралған. Егер қызметкерлердің азаматтарға көрсетілетін қызмет түрлеріне қатысты білімі жеткіліксіз болса, нормативтік-құқықтық негіздерді білмейтін болса, соның салдарынан қажетті балл минимумынан өтпеген болса, олармен еңбек шарты бұзылады. Ал ең жоғары балл жинаған ХҚКО қызметкерлері автоматты түрде бірыңғай кадрлар резервіне тіркеледі де, олардың «ХҚКО» РМК-ның құрылымдық бөлімшелеріндегі басшы лауазымдарға орналасуына мүмкіндік ашылады. Аттестация онлайн режимінде өтіп, бейнетаспаға жазылады, тестке тәуелсіз сарапшылар мен кәсіподақ өкілдері қатыстырылады.