Атауын ауыстырған елдер
Тәуелсіздік алғалы бері мемлекетіміздің атауына қатысты сан түрлі пікірлер азайған емес. Әлемде атауын өзгерткен елдер көп пе?
Нәзира ШОЛПАНБАЙҚЫЗЫ, Алматы облысы
Атауын ауыстырған елдер өте көп. Әсіресе Африка елдері үшін атау ауыстыру түкке тұрмайды. Атап айтар болсақ, бір кездегі Бечуаналенд – Ботсвана болып, Басутоленд – Лесото, Француз Гвинеясы – Гвинея Республикасы, Піл сүйегі жағалауы – Кот-д’Ивуар, Жоғарғы Вольта – Буркина Фасо, Дагомея – Бенин, Убанги-Шари – Орталық-Африкалық Республика, Сомали француз жағалауы - Джибути, Испан Гвинеясы – Экваторлық Гвинея, Абиссиния – Эфиопия, Алтын жағалау – Гана, Португал Гвинеясы – Гвинея-Бисау, Ньясаленд – Малави, Француз Суданы – Мали, Оңтүстік-Батыс Африкасы – Намибия, Занзибар/Танганьика –Танзания, Буганда – Уганда болып өзгерді. Сондай-ақ Сойгона – Хошимға өзгеріп, артынан қайтадан Сайгона атауын алса, Конго – Заирге, артынан қайтадан Конго атауына ие болды. Тізе берсек, атауын өзгерткен елдер өзге құрлықтарда да жетіп артылады. Азияда Сиам – Тайланд атанды, Бирма – Мьянма, Кампучия – Камбоджа болып өзгерді. Мемлекет атауын ауыстыру өзге елдің намысына нұқсан келтірген жағдайда ғана әлемдік қауымдастықтың тарапынан кедергіге ұшырауы мүмкін. Бұған Грекияның бұрынғы югославиялық Македония Республикасының атауын ауыстыруын талап етуі мысал бола алады.